Лицейіміздегі дәстүрлі іс-шаралар қатарында оқушылар ата-анасының жүргізуімен айына бір рет өтетін тәрбие сағаты бар. Оған 9-11-сынып оқушылары түгелімен қатысып, кездесуге себеп болған тақырыпты талқылап, пікір алмасады.
Жиынның негізгі мақсаты – болашақ ел тұтқасын ұстар азаматтардың патриоттық сезімін ояту және мемлекеттік маңызды шараларды талқылап, жастардың ой-өрісінің кеңеюіне жол ашу, сондай-ақ, әрбір оқушыға өзіндік пікір қалыптастыру.
Жуырда 9«Б» сынып оқушысы Ерубаев Ернияздың әкесі – Жезқазған қалалық Мәслихат депутаты, КУПС колледжінің құрылтайшысы Алтынбеков Бекзат Қомарұлы білім ұямызға ат басын бұрып, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын талдап, оқушыларға дәріс оқыды. Жиын барысында Бекзат мырза Елбасымыздың кезекті Жолдауында әлемдік нарықтардағы бағаның құлдырауы мен экономикалық өсімнің баяу жүріп жатқандығына дәл уақытында зер салып отырғанын тілге тиек етіп, жастарға мемлекеттік әрбір істе жауапкершілік қабілеттің өте маңызды рөл атқаратынын айтты.
Сонымен қатар, еліміз үшін атқарылып жатқан толағай істерге тоқталып, аталған Жолдау барысында алға жоспарланған мәселелерді – Шағын және орта бизнесті, сондай-ақ, ірі кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеу; Банк секторын сауықтыру; Жаңа инвестициялар тарту үшін тиісті жағдайларды жақсарту; ЭКСПО-2017 кешені құрылысын жалғастыру сияқты мәселелердің негізгі мақсаттарын түсіндіріп өтті. Сондай-ақ, Көліктік-логистикалық; Индустриялық; Энергетикалық; ТКШ мен су және жылумен қамтамасыз ету желілері; Тұрғын үй және Әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамытудың қазіргі кезде қаншалықты маңызды екендегін атап өтіп, ол үшін Ұлттық қордан көлемді қаржының бөлінуі қажеттігін оқушылар көкейіне жеткізді. «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясат – әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына бару жолындағы біздің ауқымды қадамымыз екендігін де атап өтті.
Бекзат мырза баяндамасының соңында: «Қазақстандықтар салатын жаңа магистральдар біздің экономикамыз бен қоғамымызды жаңартады. Олар біздің еліміздің барлық түкпірлерін орталықпен берік байланыстырады. Жүк тасымалы жеделдейді және ұлғаяды. Ел арқылы транзит көлемі артады. Біздің азаматтарымыз заманауи және сапалы автомагистральдармен жүріп, кез келген өңірге қауіпсіз және тез жететін болады. Әлеуметтік инфрақұрылым жақсарады, жаңа және заманауи мектептер мен ауруханалар жоғары сапалы қызметтер көрсетеді. Нәтижесінде ол әрбір қазақстандықтың әл-ауқаты мен өмір сапасында көрініс табады. Ал, ең бастысы – осының бәрі болашақ ұрпақтың байлығы ретінде біздің жерімізде қалады» деп, Елбасы сөзімен аяқтады.
Р.S. Мұндай кездесулер еліміздің әрбір азаматы үшін өте қажетті. Өйткені, ел болашағы бүгінгі жастардың қолында. Оларға пайдалы білім мен дұрыс тәрбие беріп, кеңінен ойлау қабілеттерін дамыту Ұстаздар қауымының міндеті. Ал, жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің мәңгілік болуына үлес қосу әрбір қазақстандық азаматтың парызы деп білеміз.