• ЖезҚТЛ-де «Математика-информатика» апталығы өтті
          • ЖезҚТЛ-де «Математика-информатика» апталығы өтті

          • 2015 жылғы 2-7 ақпанда Жезқазған қалалық Қазақ-түрік лицей-интернатында «Математика-информатика» апталығы болып өтті. Апталықты ұйымдастырған математика пәнінің мұғалімдері – Ж.Г.Батыров, А.Ж.Сүйгенбаев, А.Н.Байтенов және информатика пәні мұғалімі – С.Е.Тәжібаев.

            Апталықтың алғашқы күнінде 7-10-сынып оқушылары ғылымдар патшасы саналатын математиканың қиюы көп формулалары өрнектелген тәттінің түр-түрін жасап, жәрмеңке өткізді. Ал, 8-сыныптар арасында көпбұрышты кубиктер арқылы «Пирамида» ойыны өтті.

            Апталық барысында балалардың ой ұшқырлығын дамыту көзделіп, барлық сынып оқушыларының қатысуымен «Кубик-Рубик» және «Brain Ring» атты логикалық, «Kahoot» интеллектуалдық ойындары ойнатылды. Ал, «СS» ойыны балаларды сергітіп, әрі оларды жылдамдыққа үйретті.

            Сонымен қатар, «Мат-инфор» апталығында өткен макет сайысы мен білім көрмесі де ерекшелігімен есте қалды. Роботтар сайысы да ұйымдастырылып, балалар үшін қызықты апта болды.  

        • ЖезҚТЛ оқушылары «Жасыл экономиканы» талқылады
          • ЖезҚТЛ оқушылары «Жасыл экономиканы» талқылады

          • Өткен жылдан бері «ЭКСПО» және «Жасыл экономика» деген тіркестер пайда болып, екінің бірінен еститін болдық. Бұл не нәрсе және оның елімізге берері жөнінде телеарналар мен газет-журналдарда қадау-қадау пікірлер айтылып келеді. Алайда, мұндай мемлекеттік келелі іс жайында оқушыларымыз толығымен, әрі жан жақты ақпараттанып, түсінуі керек. 

            Осы орайда лицейде ата-ананың жүргізуімен өтетін дәстүрлі Тәрбие сағаты «ЭКСПО және жасыл экономика» деп аталды. Тәрбие сағатын 8«Б» сынып оқушысы Мұхатбеков Батырбектің анасы – Жезқазған университеті Экономика пәнінің оқытушысы Бағдат Ақубаева жүргізді.

            Бағдат ханым: «2014 жылғы 11 маусымда Парижде өткен Халықаралық көрмелер бюросының бас ассамблеясының 155 құрылтайында Қазақстан ресми түрде «ЭКСПО – 2017» көрмесiн өткiзетiн мемлекет болып мойындалғанын бәріміз білеміз. Бұл көрменің тақырыбы Елбасымыздың ұсынысы бойынша, «Жасыл экономика» деп бекітілген болатын. «Жасыл» экономика дегенді жалпақ тілмен айтқанда, қазіргі уақытта сарқылуға ұшыраған (пайдалы қазбалар – мұнай, газ) ресурстарды үнемді тұтынуға және сарқылмайтын ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған», - деп, дәрісін бастады. 

            «Жасыл» экономиканы дамыту – көптеген постиндустриалды елдерде өзінің ауқымымен қозғаған экологиялық дағдарысты біздің елде болдырмауға мүмкіндік береді. Аталған экономиканы дамыту бағдарламасы аясында Қазақстан экономиканың 10 шешуші секторына құралдарды инвестициялауды жоспарлаған: ауыл шаруашылығы; тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы; энергетика; балық аулау; орман шаруашылығы; өнеркәсіп; туризм; көлік; қалдықтарды кәдеге жарату және қайта өңдеу; су қорларын басқару

            Бағдат Ақубаеваның айтуынша, ЭКСПО-ның көмегiмен Астана әлемдегi ең озық жасыл технологиялар қаласына айналады. Елордамыздың бiр бөлiгi мүлдем жаңа форматпен салынып, ондағы бiрқатар ғимараттарға электр қуатын өндiретiн жел турбиналары орнатылып, тiптi бүгiнге дейiн тек зертханада сынақтан өткен жаңа технологиялар қойылады. Жер бетiндегi барлық жасыл технологиялар осы ауқымды көрмеде пайдаланылатын болады. Сондай-ақ, ағынды суларды өңдейтiн және оны техникалық су ретiнде пайдаланатын жоба жасалады. Техникалық қажеттiлiкке жаңбыр суы да қолданылады екен. 

            «Экономикалық жақтан елеулі көрсеткішке ие Еуропадан үйренетін тұстарымыз бар. Бірақ, біз олардың өмір сүру салтын сіңірмей, ғылым-білімі мен технологиялық ерекшеліктерін пайдалануымыз керек. Тіпті, сол құрлықтағы ЭКСПО өтпеген Венгрия сияқты шағын мемлекеттердің өзі экономикалық жағынан қуатты. Олар да бүкіл әлем қызыға қарайтын осындай көрме өткізсек дейді. Өйткені, оның пайдасын олар әлдеқашан зерттеп қойған, - дей келе, - Бүкіл әлем сұлулық пен романтиканың орталығы деген Париж қаласы 1855 жылдан бері мұндай айтулы көрмені 8 рет өткізіпті. 70-жылдардан бері қарқынды дамыған Корея 1993 жылы Теджонда өткізсе, ал Жапония бұл көрмені 1970 жылы Осака қаласында өткізіпті. 164 жылдан бері әлем елдерінің қызығушылығын тудырып отырған ЭКСПО біздің елге қандай пайда әкеледі? Эйфель мұнарасы секілді әлемді таңқалдырар өнер туындысын ұсына аламыз ба? Әрине, қазірдің өзінде Астанадағы ЭКСПО қалашықтың құрылысы қарқынды жүруде. Ұйымдастырушылардың пiкiрiнше, бұл көрмедегi ең күрделi ғимарат аумағы 27 мың шаршы метрдi алатын тамшы кейпiндегi қазақстандық павильон болмақ. Биiктiгi 100метр болатын алып шардың әлемде теңдесi жоқ. Осы ғимараттың айналасына халықаралық павильондар бой көтередi. Құзырлы мекемелер көрменiң барлық нысандары 2016 жылдың желтоқсанына дейiн салынып бiтедi. Тіпті, қатысушылардың уақытша қоймалары мен ұйымдастырушылардың кеңселерi 2015 жылы пайдалануға берiледi. Сондай-ақ, қатысушыларға жалға берiлетiн 1300 пәтер де биыл салынып бiтетінін айтуда. Өйткенi, қатысушылар көрме өтерден жарты жыл бұрын Астанаға келе бастайды. Сөйтiп, 2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегi аралығында айтулы ЭКСПО-2017 келушiлерге есiгiн айқара ашады. Қазақстан бұл көрмеге ұзын-саны 100-ден астам елдер мен 10-нан астам халықаралық ұйымдарды шақыруды жоспарлап отыр».

            «Біздің мемлекетіміз «жасыл» экономикаға ауысу саласындағы саясатты белсенді жүргізіп жатқанда, біз осы үдерістің бөлігі ретінде қазірден бастап «таза» болашақты құруға қадамдар жасай аламыз. Алайда, олардың үлесі ештеңе білдірмейді, бұл табиғатты қорғауға жатпайды деп санайтындар да бар. Шын мәнінде әркім қоршаған ортаны қорғау ісіне өз үлесін қоса алады. Күн сайын біз әлемді тазартып, жақсарта аламыз. Сол себепті еліміздің жауапты мамандары «таза» болашақты қалай құруға болатындығы туралы ұсыныстар тізімін құрып қойған. Сондықтан, «ЭКСПО – 2017» көрмесі тек жауапты мамандар жасайтын іс деп қол қусырып отырмай, оқушылар, біз де өз үлесімізді қосуға тырысайық», - деді экономист.

        • Қазақ тілі – мәңгілік елдің мәңгілік тілі
          • Қазақ тілі – мәңгілік елдің мәңгілік тілі

          • 2015 жылғы 26-30 қаңтар аралығында лицейімізде «Мәңгілік елдің мәңгілік тілі – Қазақ тілі» атты «Қазақ тілі мен әдебиеті» апталығы болып өтті. 

            Апталықтың ашылу салтанатынан кейінгі алғашқы болып өткен іс-шара Қазақ әдибиетінің көрнекті қайраткері Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасына арналды. Қазақ тобындағы 9-сынып оқушылары «Жаңалықтар», «Сөз өнері» және «Тұлғалар» атты топтарға бөлініп, поэмадағы кейіпкерлер мен оқиғалардың өз топтарының атауына сай қырларын айтып, тақырыпты аша білді. Осыдан кейін орыс тобындағы 9-сынып оқушыларға Қазақ тілі пәнінен ашық сабақ өтті. Мұндағы тақырып Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» повесі болды. Оқушылар автор жайлы өз білгендерін ортаға салып, фильмі туралы да сөз қозғап өтті. Повестен алынған мәтінді мәнерлеп оқып, оның сөйлемдерін «мүшелеп» талдады. Сабақ арасында «Туған ел» әнін айтып сергіп алды да, повест кейіпкерлерінің образына кіріп, хат жазды. Мемлекеттік тілдің майын ағызған оқушыларды көріп, Елбасымыздың «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген сөзінің шындыққа айналар күні алыс емес екен деген ой түйдік. 

            7-сынып оқушылары да апталықтан шет қалмады. Олар «Ұлттық тағамдар» атты жәрмеңке ұйымдастырды. Басқа оқушылар мен мұғалімдер жәрмеңке тұтынушысы ретінде өз «міндеттерін» атқарды.

            «Салт-дәстүр – асыл қазына» атты ашық сабақта қазақтың ұлттық тағамдары, ұлттық киімдері мен қазақ баспанасы – киіз үй туралы бейне-баян көрсетілді. Оқушылар бейне-баянда айтылмаған деректерді келтіріп, тарихи фактілерді сөйлетті. Сонымен қатар, әлемге әйгілі ғалымдардың теңеулері мен жазып қалдырған түрлі ойларын ортаға салып, салт-дәстүрді ұмыт қалдыруға болмайтынын айтып, заман талабымен қатар алып жүру жолдарын ұсынды. 

             Аталған апталық барысындағы тағы бір қызықты шара – «Қазақстанның жастарына, оның ішінде қазақ жастарына патриотизм деген қасиет тән бе?» тақырыбында өткен дебат болды. 9-10-сынып оқушыларынан құралған «Ақиқат» пен «Парасат» тобының бірі ортаға салынған тақырыпты жақтады, екіншісі даттады. Әділ-қазылар мен көрермендерге қызықты ойын ұсынды. Негізгі мақсат – оқушыларды айтыстыру емес, оларды көркем сөз өнеріне баулу және бабаларымыздың шешендік өнерін дамыту.

            Сондай-ақ, осы апаталық барысында «Жұлдызды сәт» атты ән байқауы ұйымдастырылды. Байқау шарты бойынша, қазақ тіліндегі халық әні немесе заманауи патриоттық әнді бір мұғалім өз сыныбының оқушысымен орындауы тиіс. 5 топ қатысып, өнерлерін көрсетті. Әділ-қазылар алқасы мен көрермен дауысы бойынша жеңімпаздар анықталды.

            Апталық қорытындысында жеңімпаздарға арнайы сый-сыяпат табысталды.

            P.S. Апталық аясындағы іс-шаралар барысында лицейімізде Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен жоғары деңгейде білім берілетінін байқадық.  Оқушыларымыз мұнда алған білімдерін кез келген ортада қысылмай пайдаға асыра алады деп сенеміз. 

        • «Өзін-өзі тану»: Махаббат пен шығармашылық педагогикасы
          • «Өзін-өзі тану»: Махаббат пен шығармашылық педагогикасы

          • 2015 жылғы 4 ақпанда ЖезҚТЛ-дің «Өзін-өзі тану» кабинетінде 8 «Б» сынып оқушыларына биология пәнінің мұғалімі Д.Жумадилов «Өнеге – отбасынан» тақырыбында тәрбие сағатын өткізді. 

            «Өзін-өзі тану»: Махаббат пен шығармашылық педагогикасы» атты дәстүрлі онкүндік аясында өткен бұл шараның мақсаты – оқушыларды отбасының бірлігін сақтап, ата-ананың алдындағы парызын өтеуге, жанұядағы сыйластыққа, адамгершілікке, инабаттылыққа, татулық пен ұйымшылдыққа тәрбиелеу.

            Тәрбие сағатында өмірде адамдарды бір-бірімен теңестіретін нәрсе – олардың білім-білігі, ой-өрісінің кеңдігі, санасының даму деңгейі екендігін түсіндірді. Дана халқымыздың көптеген нақыл сөздері оқушыларға ұсынылды да, оны мұғаліммен бірге талдап, мағынасына мән берді. Оқушылар тақырыпқа сай мәліметтер жазылған газет-журналдарды әкеліп, сол бойынша өзара пікір алмасты. 

            Диас Маратұлы: «Ата-анаңа, айналаңдағы адамдарға мейірімді бол. Оларды сыйлай біл, өтірік айтпа. Сонда сенің бойыңда сенімділік, өмір сүруге деген құштарлық, жалын пайда болады. Сонымен қатар, жүрегіңде өмірге, ата-анаңа, ең жақын адамдарға деген бауырмалдық, сүйіспеншілік бүр жарып, махаббатқа, достыққа ұласады» деген Сара Алпысқызының ізгі тілегін келтіріп, сабақты қорытындылады.

      • Контакты

        • "Ұлытау облысы білім басқармасының №3 "Білім-инновация" лицей-интернаты" КММ
        • 8(7102) 410099
        • Жезказган қ., Абай көшесі, 77 100600 Жезқазған Kazakhstan
        • facebook.com/zhezkazgan.bil
        • instagram.com/bil.zhezkazgan
      • Логин