Үстіміздегі жылдың 14 наурызында Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданы мектеп оқушылары арасында бәсекеге қабілетті жас ұрпақты тәрбиелеу, оқушылардың мемлекеттік тілге, қазақ халқының әдебиетіне, мәдениетіне, өнеріне, ұлттық құндылықтарына деген сүйіспеншілігін арттыру, оны қастерлеуге баулу, Қазақстан Республикасының «Білім туралы», «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңдарын жүзеге асыру мақсатындағы дәстүрлі «Жарқын болашақ» VII республикалық қазақ тілі олимпиадасының облыстық кезеңі өткізілді. «КАТЕV» Халықаралық коғамдық қорының бастамасымен облыстық білім басқармасы және Жезқазған қаласы «№3 қазақ-түрік лицей-интернатының» ұйымдастыруымен жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында өткізілетін олимпиада 5 бағытты қамтыған.
«Жас ғалымдар», «Тілші-әдебиетшілер», «Жазушылар», «Сөз шеберлері», «Әнші-бұлбұлдар» бағыттары бойынша өз аймақтарында «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» оза шапқан 66 жеңімпаз бақтарын сынады. Байқаудың «Сөз шеберлері», «Әнші-бұлбұлдар» бағыты Жезқазған қаласындағы айтулы өнер ордасы С. Қожамқұлов атындағы драма театрда өткізілді. «Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екендігін» сайысқа қатысушылар өз өнерлерімен барынша көрсетті. «Жарқын болашақ» олимпиадасында қатысушылардың өнерін Жезқазған өңіріне танымал тұлғалар: Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалының иегері, театрлар одағының «Еңлікгүл» сыйлығының лауреаты, театр әртісі Шоманұлы Әбілқасым, Жезқазған музыкалық колледжінің домбырамен ән айту бөлімінің оқытушысы Әлхожин Ербол Мырзакаримұлы, Жезқазған өнер мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, вокал оқытушысы Сыздықова Ботагөз Абдрахманқызы, «Тілтану» орталығының мұғалімі Ошағанова Ақгүл және «КАТЕV» Халықаралық коғамдық қорының тәрбие ісі жөніндегі бас маманы, республикалық «Жарқын болашақ» олимпиадасын ұйымдастыру комитетінің мүшесі Омаров Бағлан Нұрланұлы бағалады.
Олимпиаданың «Жазушылар» бағыты бойынша ұлттық құндылықтарды насихаттайтын отан, туған жер, тарих, салт-дәстүр тақырыптарында оқушылар эссе жазып, І орынды қазақ топтары бойынша Ұлытау ауданының №4 Қаракеңгір орта мектебінің 10-сынып оқушысы Ж. Жаңбыршы иеленсе, орыс топтары бойынша І орынды Жезқазған қазақ-түрік лицейінің 10-сынып оқушысы Е. Колесников қанжығасына байлады. «Жас ғалымдар» бағытында қазақ тобы бойынша І орынды «Мәңгілік ел» идеясында тілімізді тірек етейік» тақырыбындағы жобасымен Жезқазған №8 гимназиясының 11-сынып оқушысы Тілеулинов Заңғар алса, орыс топтары бойынша Жезқазған №24 орта мектебінің 7-сынып оқушысы Шевчук Аннаның «Қазақ халқының тыйым сөздерінің мәні» тақырыбындағы жұмысы әділ қазы алқасының жоғары ұпайына ие болды. «Тілші-әдебиетшілер» бағыты бойынша оқушылар 50 сұрақтан тұратын қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерінен тесттер шешіп, қазақ топтары бойынша І орынды Сәтбаев қаласының №4 орта мектебінің 11-сынып оқушысы Искандирова Айгерим алса, орыс топтары бойынша Сәтбаев қаласы С. Сейфуллин гимназиясының 11-сынып оқушысы Трапаков Рүстем иеленді. Оқушыларымыздың қазақ тілінде мәнерлеп оқып, өзіндік қабілетін көрсететін жарысы «Сөз шеберлері» бағыты бойынша І орынды М. Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан үзінді оқып, көпшіліктің көзіне жас үйірткен Сәтбаев қаласы С. Сейфуллин гимназиясының 11-сынып оқушысы Абдразаков Тоғжан иеленді, орыс топтары бойынша М. Шахановтың «Төрт ана» өлеңін нақышына келіп орындаған Жезқазған қаласы №22 орта мектебінің 8-сынып оқушысы Ибрагим Шахисмаил иеленді. «Әнші бұлбұлдар» бағыты бойынша әуелете «Туған жер» әнін салып, жұртшылықты зор даусымен тамсандыра білген Жезқазған қаласы №21 орта мектебінің 7-сынып оқушысы Әбдіғазизов Диас бас жүлдені қанжығасына байлады. Орыс топтары бойынша Сәтбаев қаласы С. Сейфуллин гимназиясының 7-сынып оқушысы Гатятова Анита өзінің туып өскен мекені – Қазақстан Республикасына деген сүйіспеншілігін «Қазақстан»әнімен жеткізіп, І орынды иеленді. Жүлделі І орынды иеленген оқушыларымыз сәуір айында Астана қаласында өтетін «Жарқын болашақ» олимпиадасының республикалық кезеңіне жолдама алып, аймағымыздың намысын қорғайтын болды.
Байқау өте тартысты өтті. Байқау соңында лицей директоры Н.Ғ. Утебаев қазылық еткен төрешілер мен бәйгеге оқушыларын баптап әкелген, шығармашылықпен еңбек етіп жүрген ұстаздарымызға Алғыс хаттар тапсырды. Дәстүрге айналған «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпидасы бірліктің, достықтың, елдіктің жүрегі қазақ тілінде екенін тағы бір дәлелдеді.