Навигация

  • ЖезҚТЛ-де «Математика-информатика» апталығы өтті

    ЖезҚТЛ-де «Математика-информатика» апталығы өтті
    06/02/2015

    2015 жылғы 2-7 ақпанда Жезқазған қалалық Қазақ-түрік лицей-интернатында «Математика-информатика» апталығы болып өтті. Апталықты ұйымдастырған математика пәнінің мұғалімдері – Ж.Г.Батыров, А.Ж.Сүйгенбаев, А.Н.Байтенов және информатика пәні мұғалімі – С.Е.Тәжібаев.

    Апталықтың алғашқы күнінде 7-10-сынып оқушылары ғылымдар патшасы саналатын математиканың қиюы көп формулалары өрнектелген тәттінің түр-түрін жасап, жәрмеңке өткізді. Ал, 8-сыныптар арасында көпбұрышты кубиктер арқылы «Пирамида» ойыны өтті.

    Апталық барысында балалардың ой ұшқырлығын дамыту көзделіп, барлық сынып оқушыларының қатысуымен «Кубик-Рубик» және «Brain Ring» атты логикалық, «Kahoot» интеллектуалдық ойындары ойнатылды. Ал, «СS» ойыны балаларды сергітіп, әрі оларды жылдамдыққа үйретті.

    Сонымен қатар, «Мат-инфор» апталығында өткен макет сайысы мен білім көрмесі де ерекшелігімен есте қалды. Роботтар сайысы да ұйымдастырылып, балалар үшін қызықты апта болды.  

  • ЖезҚТЛ оқушылары «Жасыл экономиканы» талқылады

    ЖезҚТЛ оқушылары «Жасыл экономиканы» талқылады
    15/01/2015

    Өткен жылдан бері «ЭКСПО» және «Жасыл экономика» деген тіркестер пайда болып, екінің бірінен еститін болдық. Бұл не нәрсе және оның елімізге берері жөнінде телеарналар мен газет-журналдарда қадау-қадау пікірлер айтылып келеді. Алайда, мұндай мемлекеттік келелі іс жайында оқушыларымыз толығымен, әрі жан жақты ақпараттанып, түсінуі керек. 

    Осы орайда лицейде ата-ананың жүргізуімен өтетін дәстүрлі Тәрбие сағаты «ЭКСПО және жасыл экономика» деп аталды. Тәрбие сағатын 8«Б» сынып оқушысы Мұхатбеков Батырбектің анасы – Жезқазған университеті Экономика пәнінің оқытушысы Бағдат Ақубаева жүргізді.

    Бағдат ханым: «2014 жылғы 11 маусымда Парижде өткен Халықаралық көрмелер бюросының бас ассамблеясының 155 құрылтайында Қазақстан ресми түрде «ЭКСПО – 2017» көрмесiн өткiзетiн мемлекет болып мойындалғанын бәріміз білеміз. Бұл көрменің тақырыбы Елбасымыздың ұсынысы бойынша, «Жасыл экономика» деп бекітілген болатын. «Жасыл» экономика дегенді жалпақ тілмен айтқанда, қазіргі уақытта сарқылуға ұшыраған (пайдалы қазбалар – мұнай, газ) ресурстарды үнемді тұтынуға және сарқылмайтын ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған», - деп, дәрісін бастады. 

    «Жасыл» экономиканы дамыту – көптеген постиндустриалды елдерде өзінің ауқымымен қозғаған экологиялық дағдарысты біздің елде болдырмауға мүмкіндік береді. Аталған экономиканы дамыту бағдарламасы аясында Қазақстан экономиканың 10 шешуші секторына құралдарды инвестициялауды жоспарлаған: ауыл шаруашылығы; тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы; энергетика; балық аулау; орман шаруашылығы; өнеркәсіп; туризм; көлік; қалдықтарды кәдеге жарату және қайта өңдеу; су қорларын басқару

    Бағдат Ақубаеваның айтуынша, ЭКСПО-ның көмегiмен Астана әлемдегi ең озық жасыл технологиялар қаласына айналады. Елордамыздың бiр бөлiгi мүлдем жаңа форматпен салынып, ондағы бiрқатар ғимараттарға электр қуатын өндiретiн жел турбиналары орнатылып, тiптi бүгiнге дейiн тек зертханада сынақтан өткен жаңа технологиялар қойылады. Жер бетiндегi барлық жасыл технологиялар осы ауқымды көрмеде пайдаланылатын болады. Сондай-ақ, ағынды суларды өңдейтiн және оны техникалық су ретiнде пайдаланатын жоба жасалады. Техникалық қажеттiлiкке жаңбыр суы да қолданылады екен. 

    «Экономикалық жақтан елеулі көрсеткішке ие Еуропадан үйренетін тұстарымыз бар. Бірақ, біз олардың өмір сүру салтын сіңірмей, ғылым-білімі мен технологиялық ерекшеліктерін пайдалануымыз керек. Тіпті, сол құрлықтағы ЭКСПО өтпеген Венгрия сияқты шағын мемлекеттердің өзі экономикалық жағынан қуатты. Олар да бүкіл әлем қызыға қарайтын осындай көрме өткізсек дейді. Өйткені, оның пайдасын олар әлдеқашан зерттеп қойған, - дей келе, - Бүкіл әлем сұлулық пен романтиканың орталығы деген Париж қаласы 1855 жылдан бері мұндай айтулы көрмені 8 рет өткізіпті. 70-жылдардан бері қарқынды дамыған Корея 1993 жылы Теджонда өткізсе, ал Жапония бұл көрмені 1970 жылы Осака қаласында өткізіпті. 164 жылдан бері әлем елдерінің қызығушылығын тудырып отырған ЭКСПО біздің елге қандай пайда әкеледі? Эйфель мұнарасы секілді әлемді таңқалдырар өнер туындысын ұсына аламыз ба? Әрине, қазірдің өзінде Астанадағы ЭКСПО қалашықтың құрылысы қарқынды жүруде. Ұйымдастырушылардың пiкiрiнше, бұл көрмедегi ең күрделi ғимарат аумағы 27 мың шаршы метрдi алатын тамшы кейпiндегi қазақстандық павильон болмақ. Биiктiгi 100метр болатын алып шардың әлемде теңдесi жоқ. Осы ғимараттың айналасына халықаралық павильондар бой көтередi. Құзырлы мекемелер көрменiң барлық нысандары 2016 жылдың желтоқсанына дейiн салынып бiтедi. Тіпті, қатысушылардың уақытша қоймалары мен ұйымдастырушылардың кеңселерi 2015 жылы пайдалануға берiледi. Сондай-ақ, қатысушыларға жалға берiлетiн 1300 пәтер де биыл салынып бiтетінін айтуда. Өйткенi, қатысушылар көрме өтерден жарты жыл бұрын Астанаға келе бастайды. Сөйтiп, 2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегi аралығында айтулы ЭКСПО-2017 келушiлерге есiгiн айқара ашады. Қазақстан бұл көрмеге ұзын-саны 100-ден астам елдер мен 10-нан астам халықаралық ұйымдарды шақыруды жоспарлап отыр».

    «Біздің мемлекетіміз «жасыл» экономикаға ауысу саласындағы саясатты белсенді жүргізіп жатқанда, біз осы үдерістің бөлігі ретінде қазірден бастап «таза» болашақты құруға қадамдар жасай аламыз. Алайда, олардың үлесі ештеңе білдірмейді, бұл табиғатты қорғауға жатпайды деп санайтындар да бар. Шын мәнінде әркім қоршаған ортаны қорғау ісіне өз үлесін қоса алады. Күн сайын біз әлемді тазартып, жақсарта аламыз. Сол себепті еліміздің жауапты мамандары «таза» болашақты қалай құруға болатындығы туралы ұсыныстар тізімін құрып қойған. Сондықтан, «ЭКСПО – 2017» көрмесі тек жауапты мамандар жасайтын іс деп қол қусырып отырмай, оқушылар, біз де өз үлесімізді қосуға тырысайық», - деді экономист.

  • Қазақ тілі – мәңгілік елдің мәңгілік тілі

    Қазақ тілі – мәңгілік елдің мәңгілік тілі
    30/01/2015

    2015 жылғы 26-30 қаңтар аралығында лицейімізде «Мәңгілік елдің мәңгілік тілі – Қазақ тілі» атты «Қазақ тілі мен әдебиеті» апталығы болып өтті. 

    Апталықтың ашылу салтанатынан кейінгі алғашқы болып өткен іс-шара Қазақ әдибиетінің көрнекті қайраткері Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасына арналды. Қазақ тобындағы 9-сынып оқушылары «Жаңалықтар», «Сөз өнері» және «Тұлғалар» атты топтарға бөлініп, поэмадағы кейіпкерлер мен оқиғалардың өз топтарының атауына сай қырларын айтып, тақырыпты аша білді. Осыдан кейін орыс тобындағы 9-сынып оқушыларға Қазақ тілі пәнінен ашық сабақ өтті. Мұндағы тақырып Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» повесі болды. Оқушылар автор жайлы өз білгендерін ортаға салып, фильмі туралы да сөз қозғап өтті. Повестен алынған мәтінді мәнерлеп оқып, оның сөйлемдерін «мүшелеп» талдады. Сабақ арасында «Туған ел» әнін айтып сергіп алды да, повест кейіпкерлерінің образына кіріп, хат жазды. Мемлекеттік тілдің майын ағызған оқушыларды көріп, Елбасымыздың «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген сөзінің шындыққа айналар күні алыс емес екен деген ой түйдік. 

    7-сынып оқушылары да апталықтан шет қалмады. Олар «Ұлттық тағамдар» атты жәрмеңке ұйымдастырды. Басқа оқушылар мен мұғалімдер жәрмеңке тұтынушысы ретінде өз «міндеттерін» атқарды.

    «Салт-дәстүр – асыл қазына» атты ашық сабақта қазақтың ұлттық тағамдары, ұлттық киімдері мен қазақ баспанасы – киіз үй туралы бейне-баян көрсетілді. Оқушылар бейне-баянда айтылмаған деректерді келтіріп, тарихи фактілерді сөйлетті. Сонымен қатар, әлемге әйгілі ғалымдардың теңеулері мен жазып қалдырған түрлі ойларын ортаға салып, салт-дәстүрді ұмыт қалдыруға болмайтынын айтып, заман талабымен қатар алып жүру жолдарын ұсынды. 

     Аталған апталық барысындағы тағы бір қызықты шара – «Қазақстанның жастарына, оның ішінде қазақ жастарына патриотизм деген қасиет тән бе?» тақырыбында өткен дебат болды. 9-10-сынып оқушыларынан құралған «Ақиқат» пен «Парасат» тобының бірі ортаға салынған тақырыпты жақтады, екіншісі даттады. Әділ-қазылар мен көрермендерге қызықты ойын ұсынды. Негізгі мақсат – оқушыларды айтыстыру емес, оларды көркем сөз өнеріне баулу және бабаларымыздың шешендік өнерін дамыту.

    Сондай-ақ, осы апаталық барысында «Жұлдызды сәт» атты ән байқауы ұйымдастырылды. Байқау шарты бойынша, қазақ тіліндегі халық әні немесе заманауи патриоттық әнді бір мұғалім өз сыныбының оқушысымен орындауы тиіс. 5 топ қатысып, өнерлерін көрсетті. Әділ-қазылар алқасы мен көрермен дауысы бойынша жеңімпаздар анықталды.

    Апталық қорытындысында жеңімпаздарға арнайы сый-сыяпат табысталды.

    P.S. Апталық аясындағы іс-шаралар барысында лицейімізде Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен жоғары деңгейде білім берілетінін байқадық.  Оқушыларымыз мұнда алған білімдерін кез келген ортада қысылмай пайдаға асыра алады деп сенеміз. 

  • «Өзін-өзі тану»: Махаббат пен шығармашылық педагогикасы

    «Өзін-өзі тану»: Махаббат пен шығармашылық педагогикасы
    03/02/2015

    2015 жылғы 4 ақпанда ЖезҚТЛ-дің «Өзін-өзі тану» кабинетінде 8 «Б» сынып оқушыларына биология пәнінің мұғалімі Д.Жумадилов «Өнеге – отбасынан» тақырыбында тәрбие сағатын өткізді. 

    «Өзін-өзі тану»: Махаббат пен шығармашылық педагогикасы» атты дәстүрлі онкүндік аясында өткен бұл шараның мақсаты – оқушыларды отбасының бірлігін сақтап, ата-ананың алдындағы парызын өтеуге, жанұядағы сыйластыққа, адамгершілікке, инабаттылыққа, татулық пен ұйымшылдыққа тәрбиелеу.

    Тәрбие сағатында өмірде адамдарды бір-бірімен теңестіретін нәрсе – олардың білім-білігі, ой-өрісінің кеңдігі, санасының даму деңгейі екендігін түсіндірді. Дана халқымыздың көптеген нақыл сөздері оқушыларға ұсынылды да, оны мұғаліммен бірге талдап, мағынасына мән берді. Оқушылар тақырыпқа сай мәліметтер жазылған газет-журналдарды әкеліп, сол бойынша өзара пікір алмасты. 

    Диас Маратұлы: «Ата-анаңа, айналаңдағы адамдарға мейірімді бол. Оларды сыйлай біл, өтірік айтпа. Сонда сенің бойыңда сенімділік, өмір сүруге деген құштарлық, жалын пайда болады. Сонымен қатар, жүрегіңде өмірге, ата-анаңа, ең жақын адамдарға деген бауырмалдық, сүйіспеншілік бүр жарып, махаббатқа, достыққа ұласады» деген Сара Алпысқызының ізгі тілегін келтіріп, сабақты қорытындылады.

  • ЖезҚТЛ оқушылары Жолдаудың маңызына мән берді

    ЖезҚТЛ оқушылары Жолдаудың маңызына мән берді
    30/01/2015

    Лицейіміздегі дәстүрлі іс-шаралар қатарында оқушылар ата-анасының жүргізуімен айына бір рет өтетін тәрбие сағаты бар. Оған 9-11-сынып оқушылары түгелімен қатысып, кездесуге себеп болған тақырыпты талқылап, пікір алмасады. 

    Жиынның негізгі мақсаты – болашақ ел тұтқасын ұстар азаматтардың патриоттық сезімін ояту және мемлекеттік маңызды шараларды талқылап, жастардың ой-өрісінің кеңеюіне жол ашу, сондай-ақ, әрбір оқушыға өзіндік пікір қалыптастыру. 

    Жуырда 9«Б» сынып оқушысы Ерубаев Ернияздың әкесі – Жезқазған қалалық Мәслихат депутаты, КУПС колледжінің құрылтайшысы Алтынбеков Бекзат Қомарұлы білім ұямызға ат басын бұрып, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын талдап, оқушыларға дәріс оқыды. Жиын барысында Бекзат мырза Елбасымыздың кезекті Жолдауында әлемдік нарықтардағы бағаның құлдырауы мен экономикалық өсімнің баяу жүріп жатқандығына дәл уақытында зер салып отырғанын тілге тиек етіп, жастарға мемлекеттік әрбір істе жауапкершілік қабілеттің өте маңызды рөл атқаратынын айтты.

    Сонымен қатар, еліміз үшін атқарылып жатқан толағай істерге тоқталып, аталған Жолдау барысында алға жоспарланған мәселелерді – Шағын және орта бизнесті, сондай-ақ, ірі кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеу; Банк секторын сауықтыру; Жаңа инвестициялар тарту үшін тиісті жағдайларды жақсарту; ЭКСПО-2017 кешені құрылысын жалғастыру сияқты мәселелердің негізгі мақсаттарын түсіндіріп өтті. Сондай-ақ, Көліктік-логистикалық; Индустриялық; Энергетикалық; ТКШ мен су және жылумен қамтамасыз ету желілері; Тұрғын үй және Әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамытудың қазіргі кезде қаншалықты маңызды екендегін атап өтіп, ол үшін Ұлттық қордан көлемді қаржының бөлінуі қажеттігін оқушылар көкейіне жеткізді. «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясат – әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына бару жолындағы біздің ауқымды қадамымыз екендігін де атап өтті. 

    Бекзат мырза баяндамасының соңында: «Қазақстандықтар салатын жаңа магистральдар біздің экономикамыз бен қоғамымызды жаңартады. Олар біздің еліміздің барлық түкпірлерін орталықпен берік байланыстырады. Жүк тасымалы жеделдейді және ұлғаяды. Ел арқылы транзит көлемі артады. Біздің азаматтарымыз заманауи және сапалы автомагистральдармен жүріп, кез келген өңірге қауіпсіз және тез жететін болады. Әлеуметтік инфрақұрылым жақсарады, жаңа және заманауи мектептер мен ауруханалар жоғары сапалы қызметтер көрсетеді. Нәтижесінде ол әрбір қазақстандықтың әл-ауқаты мен өмір сапасында көрініс табады. Ал, ең бастысы – осының бәрі болашақ ұрпақтың байлығы ретінде біздің жерімізде қалады» деп, Елбасы сөзімен аяқтады.

    Р.S. Мұндай кездесулер еліміздің әрбір азаматы үшін өте қажетті. Өйткені, ел болашағы бүгінгі жастардың қолында. Оларға пайдалы білім мен дұрыс тәрбие беріп, кеңінен ойлау қабілеттерін дамыту Ұстаздар қауымының міндеті. Ал, жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің мәңгілік болуына үлес қосу әрбір қазақстандық азаматтың парызы деп білеміз.

  • ЖезҚТЛ үшін 2015 жыл қуанышпен басталды

    ЖезҚТЛ үшін 2015 жыл қуанышпен басталды
    11/01/2015

    2015 жылғы 9-10 қаңтарда Қарағанды қаласында дарынды оқушылар арасында облыстық олимпиада өтті.

    «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» дейді қазақ. Облыс көлеміндегі ең мықты білімпаздар жиналған бұл сайыс алаңына Жезқазған Қазақ-түрік лицей-интернатынан 26 оқушы қатысып, оның 15-і жүлделі орынға ие болды. Тарқатып айтқанда 1 алтын, 4 күміс, 10 қола медаль иеленді оқушыларымыз!

    Лицей мерейін асқақтатқан шәкірттерімізге көп алғыс!

            Назарларыңызға жүлделі орынға жайғасқан шәкірттеріміз жайлы толығырақ ақпарат ұсынамыз:

    Тулеуов Дастан (9-сынып) – Математика пәні бойынша 3-орын;

    Жақыпов Аслан (9-сынып) – Информатика пәні бойынша 3-орын;

    Мұхатбеков Батырбек (11-сынып) – Информатика пәні бойынша 3-орын;

    Қапар Әлихан (10-сынып) – Информатика пәні бойынша 3-орын;

    Мұхаметсұлтанов Жанат (10-сынып) – Құқық пәні бойынша 3-орын;

    Айтжан Сұлтан (10-сынып) – Ағылшын тілі пәні бойынша 3-орын;

    Құдабай Әлихан (10-сынып) – Биология пәні бойынша 3-орын;

    Ысқақов Алмаз (11-сынып) – Химия пәні бойынша 3-орын;

    Колесников Егор (10-сынып)  – Қазақ тілі пәні бойынша 3-орын;

    Решоткин Валентин (11-сынып) – Қазақ тілі пәні бойынша 3-орын;

    Досайбек Дәнен (11-сынып) – Математика пәні бойынша 2-орын;

    Құсайынбеков Мұхтар (9-сынып) – Химия пәні бойынша 2-орын;

    Жанғалиев Дастан (11-сынып)  – Химия пәні бойынша 2-орын;

    Сыздықов Жалғас (10-сынып)  – Химия пәні бойынша 2-орын;

    Бұланбаев Ерден (9-сынып) – Информатика пәні бойынша 1-орын.

    ЖезҚТЛ үшін 2015 жыл қуанышпен басталды - Картинка 1ЖезҚТЛ үшін 2015 жыл қуанышпен басталды - Картинка 2

  • ЖезҚТЛ тоқсанды қорытындылады

    ЖезҚТЛ тоқсанды қорытындылады
    26/01/2015

    Елімізде мектеп оқушылары үшін қысқы демалыс басталды. Жылдағыдай оқу жылының ІІ тоқсанын аяқтаған оқушылар биыл да 28 желтоқсаннан 9 қаңтарға дейін демалатын болады.

    2014 жылғы 26 желтоқсан күні Жезқазған Қазақ-түрік лицей-интернатында оқушылардың қатысуымен ІІ тоқсанның қорытынды жиыны өтті. Оған лицей директоры Н.Утебаев, директордың Оқу ісі, Тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен пән мұғалімдері және лицейдің барлық оқушысы қатысты.

    Жиында тоқсанды үздік аяқтаған оқушыларға мақтау грамоталары табысталып, демалыс уақытын пайдалы өткізулеріне тілектер айтылды.

  • Қысқы демалыста

    Қысқы демалыста
    06/01/2015

    Жылдың әр мезгілі өзіне тән құбылысымен ерекше. Сол сияқты ЖезҚТЛ оқушыларының әрбір тоқсаннан кейінгі демалысы да өзіне тән өзгешелігімен өтуі қалыпты жағдайға айналған деуге болады.

    Қысқы демалыста лицейіміздің 15-ке жуық оқушысы Астана мен Көкшетау қалаларына саяхат жасап, ата-аналардың  қолдауымен сергіп қайтты.

    Өз қаламызда қалған оқушылар да уақытты бос өткізбеді. Сынып жетекшілері мен ата-аналардың қолдауымен Сәтбаев қаласындағы спорт кешеніне табан тіреп, алаңсыз коньки теуіп, пикник ұйымдастырды.

    Қысқы демалыста - Картинка 1Қысқы демалыста - Картинка 2

  • Өткен күн - тарих

    Өткен күн - тарих
    14/12/2014

    2014 жылғы 8-12 желтоқсанда Жезқазған қалалық Қазақ-түрік лицей-интернатында Тарих апталығы өтті.

    Апталық барысында ел тарихын көз алдымызға әкелген шара «Көшпелілердің қала және дала мәдениеті» атты көрмесі болды. Көрмеге ата-бабалар заманындағы тұрмыстық бұйымдардан бастап, ұрпақ қамы үшін жаумен алысқан сәттерде қолданылған қару-жарақтар қойылды.

    Елімізде 2015 жылы тойланғалы отырған Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Кенесары ханның көтерілісі жайлы деректі фильм лицей шәкірттеріне көрсетіліп, соңында оқушылар мен мұғалімдер фильмдегі деректерді талқылады. Сондай-ақ, фильм барысындағы түсініксіз жайттарға байланысты оқушылардың сұрақтарына Қазақстан тарихы пәнінің мұғалімі Думан Баекенов жауап берді. 

    Білім ұясының акт залында өткізілген іс-шарада «Отырардың күйреуі» атты қойылым қойып, оқушылар Шыңғыс хан заманын сахналады. Сонымен қатар, апталық барысында «Ел аңсаған тәуелсіздік тұғырым» тақырыбындағы қабырға газетінен сыныптар арасында сайыс өтті. Нәтижесінде, жүлделі бірінші орынды 9«А» сыныбы, екінші орынды 8«А» сыныбы, ал үшінші орынды 10«А» сыныбы иеленді.

  • ЖезҚТЛ мұғалімі – «Ұлағатты ұстаз»

    ЖезҚТЛ мұғалімі – «Ұлағатты ұстаз»
    29/12/2014

    Жуырда Астана қаласында «ZIAT» ғылыми-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Ұлағатты ұстаз» атты VI  Республикалық оқытушылар сайысы өтті. 

    Сайыс шарты бойынша әрбір қатысушы өзінің білім беру әдіс-тәсілдерімен және сол тәсілдер нәтижесінде шәкірттерінің шыққан биігі, сондай-ақ, мұғалімнің өз жетістіктері жоғары болуы тиіс еді. Аталмыш сайысқа Жезқазған Қазақ-түрік лицей-интернатының Қазақ тілі пәні мұғалімі Жанұзақова Зәуреш Тұрсынқызы қатысып, ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.

    ЖезҚТЛ ұжымы Зәуреш Тұрсынқызын құттықтай отырып, алдағы жылдарға сәттілік тілейді!

    ЖезҚТЛ мұғалімі – «Ұлағатты ұстаз» - Картинка 1    ЖезҚТЛ мұғалімі – «Ұлағатты ұстаз» - Картинка 2

  • ЖезҚТЛ-де Физика ғылымы жаңғырды

    ЖезҚТЛ-де Физика ғылымы жаңғырды
    05/12/2014

    Үстіміздегі жылдың 1-5 желтолқсанында Жезқазған қалалық Қазақ-түрік лицей-интернатында «Физика апталығы» өтті.

    Апталық барысында 7-сынып оқушылары арасында «Egg Drop» атты шара ұйымдастырылып, жұмыртқаны тастау арқылы балалар оған жан-жақты зерттеулер жасады. Апталықтың әр күнінде Физика пәні бойынша олимпиадаға қатысатын оқушылар «Demonstration» деп аталған шарада шағын эксперименттік жұмыстар жасады. 8-сынып оқушылары арасында өткен «Propeller Car» жарысы барысында қатысушылар жасаған пропеллермен жүретін машиналардың күшін сынады.

    Ал, «Bridge» жарысына 9-сынып оқушылары қатысып, өздері түрлі материалдар арқылы жасаған көпірлерінің күшін сынап, қанша массаны көтере алатынын байқатты. «The best Song about physics»  деп аталған ән сайысын 9-10 сынып оқушылары арасында өткізді. Онда барлық қатысушылар физика ғылымына байланысты өлең шығарып, оған қалауларына қарай кез-келген әннің музыкасымен сүйемелдеп, сахнада орындап берді. Апталықтың соңғы күнінде 10-сынып оқушылары «Cannon» сайысына қатысты.

    Апталық барысында өткізілген әрбір сайыстың жеңімпаздарына сыйлықтар табысталды.

  • Жезқазған ҚТЛ-дегі «Тұңғыш Президент күні»

    Жезқазған ҚТЛ-дегі «Тұңғыш Президент күні»
    28/11/2014

    2014 жылғы 28 қарашада Жезқазған қалалық Қазақ-түрік лицей-интернатында «1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні» құрметіне орай концерт өтті.

    Мерекелік шараға білім ұясының басшылары мен мұғалімдер және оқушылар қатысты. Бағдарлама бойынша, ең алдымен мемлекеттік Әнұран орындалды.

    7-сынып оқушылары Елбасына арналған қара өлеңдерді мәнерлеп оқып, «Балбырауын» күйін орындады. Нұрсұлтан Әбішұлына арналған «Арнау» атты жаңа әнді Демеу Қайрақты нақышына келтіре айтқанда көрермендер әрбір сөзіне мән бере тыңдады. Арасында «Жылдар сөйлейді» атты Қазақстан мемлекетінің құрылуынан басталып, бүгінгі күніне дейін көрсетілген бейнебаян ұсынылды. Елбасымыздың «Нұрлы жол» атты Жолдауы туралы ақпараттар айтылып, «Жастар күйі» атты күй орындалды. «Көк тудың желбірегені» атты патриоттық әнді 8«Б» сынып оқушысы Елжас шырқаса, «Жаса, Қазақстан»-ды 8«А» сыныбында оқитын Ерасыл орындады.

                       Жезқазған ҚТЛ-дегі «Тұңғыш Президент күні» - Картинка 1               Жезқазған ҚТЛ-дегі «Тұңғыш Президент күні» - Картинка 2

  • Президент Күніне Жасалған Тарту

    Президент Күніне Жасалған Тарту
    27/11/2014

    Халық даналығындағы «Ханда қырық кісінің ақылы болады» деген сөз текке айтылмаса керек. Елінің дамуы, тұрақтылығы, Ұлы көштен қалмауы үшін небір қиындықтарды өткеріп келе жатқан Н.Назарбаевтың еңбегін халқымыз аса жоғары бағалайды. Кең-байтақ даласындай пейілі дархан елін сүйген азамат ретіндегі Елбасы болмысы қандай құрметке болса да лайық.

    2014 жылғы 27 қарашада Жезқазған қалалық Қазақ-түрік лицей-интернаты Мысты қаланың «Қарттар үйінде» болып, биыл елімізде үшінші рет тойланғалы жатқан Тұңғыш Президент күніне орай концерттік-бағдарлама ұсынып, ондағы тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлап қайтты.

    Шарада қазақтың қара домбырасымен күй тартылып, ән айтылды. Көңілді тапқырлар клубы қысқа әзілдерімен күлдіртсе, кейбір өнерпаздар өмірден алынған оқиғаларды сахналап, қариялардың көңілдерін толқытты. Мерекелік шараға лицейдің 7-10-сынып оқушылары арасынан өнерлі балалар қатысып, қазақ, орыс, түрік тілдерінде түрлі жанрда тебірене ән шырқап, би биледі.

    «Қарттар үйінің» мәдени шараларын ұйымдастырушы Л.Кәлімова ханыммен жолыққанда бұл ортаның жай-күйін сұраған болатынбыз.

    Ләззат Кәлімова, «Қарттар үйі» маманы:

    • Біздің үйімізде 200-ден астам тұрғын бар. Бәрі де белгіленген жүйе бойынша жүріп-тұрады. Негізінен тұрғындарымыздың ешқайсысында бос уақыт болмайды. Әркім өз мүмкіншілігі мен қызығушылығына қарай үйірмелерге – «Домбыра», «Гитара», «Көркем өнерпаздар», «Қолөнер», «Көркемсөз» және т.б. қатысады. Одан бөлек, кітап оқиды, радио тыңдап, теледидар қарайды. Кез-келген мерекені де атаусыз қалдырмаймыз. Жеке меншік, мемлекеттік мекемелермен тығыз байланыстамыз. Оның ішінде, білім беру саласынан үнемі концерттік-бағдарламасымен келіп, тұрғындарымыздың көңілін марқайтады. Бүгін, міне, қаламыздағы Қазақ-түрік лицей-интернаты келіп, бізді қуантып отыр. Бұл лицейдің шәкірттері жиі келіп қарттарымызға құрмет көрсететіндіктен сүйсініп тамашалайды. Осы ұжымға алғысымды айтамын.  

    P.S. Аталған үйдің тұрғындарының көңілін аулап, оларды қуантып қою мақсатымен әрбірінің қолына ұстататын кішкене болса да сый-сияпатымызбен баратынбыз. Сонда жылдан жылға олардың саны көбейіп жатқанын байқадық. Мәселен, былтырғы жылмен салыстырғанда онда биылғы қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың саны 71 адамға өскен. Жезқазған қаласындағы тұрғындар санына қарағанда бұл тым көп болғандықтан осы мәселе мені толғандырып жүрген еді. Ләззат ханымның айтуынша, бұл үйдің тұрғындары облыстың түкпір-түкпірінен жиналады екен. Бәрібір де «Неге көбейеді?..» деген сұрақ мазалай береді... Қарияларымызды қадірлей білейікші.

    Тұңғыш Президент күні құтты болсын, ағайын!

  • Жезқазған ҚТЛ оқушылары жеңімпаз!

    Жезқазған ҚТЛ оқушылары жеңімпаз!
    10/10/2014

    2014 жылғы 8-10 қазанда Қарағанды қалалық Назарбаев зияткерлік мектебінде футболдан дарынды балаларға арналған мектеп оқушылары арасында спартакиада өтті.

     Аймақтық «Сарыарқа дарыны» ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған сайыстың негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау және елімізде аталған спорт түрін дамытуға үлес қосу. Сонымен қатар, облыс көлеміндегі дарынды командаларды анықтау.

    Облыстық спартакиадаға жергілікті Назарбаев зияткерлік мектебі, №1 Қарағанды ҚТЛ, «Мұрагер» ДБМИ, «Дарын»ДБМИ, Нұрмақов атындағыДБМИ, №7 Жамбыл атындағы ДБМИ, Қарағанды Өнер мектебі және №3 Жезқазған ҚТЛ оқушылары қатысты.

    Жезқазған қазақ-түрік лицей-интернатының 9, 10, 11-ші сынып оқушыларынан құралған команда құрамында 15 ойыншы болды. Олар бірінші кездесуін №7 Жамбыл атындағы ДБМИ командасымен өткізіп, 4:0 есебімен алға шықса, келесі ойында «Мұрагер» ДБМИ футболшыларымен кездесіп, 2:0 есебімен жеңді.

    Келесі топтық ойында Назарбаев зияткерлік мектебінің құрама командасымен 1:0 есебін көрсетіп, финалға өтті. Осылайша №1 Қарағанды ҚТЛ командасымен болған финалдық кездесуде бар күш-жігерін салған Жезқазған ҚТЛ командасының футболшылары 3:0 есебін көрсетіп, жеңіске жетті.

  • Спорт – ғаламдағы ең бейбіт те игілікті іс

    Спорт – ғаламдағы ең бейбіт те игілікті іс

    Мысты шаһардың 60 жылдық мерейтойына орай үстіміздегі жылдың 18-19 қазанында Жезқазған қазақ-түрік лицей-интернаты өз шәкірттерінің ата-аналары арасында спорттық сайыстар өткізді. Турнир қатысушылары шахмат, теннис және волейбол ойындары бойынша бақ сынасты.

    «Лицейге тек баласының сабақ үлгерімі мен бағыт-бағдары жайлы мәлімет алуға келетін ата-аналар қауымы бұл шара барысында ұстаздармен емен-еркін араласады. Осылайша, ата-ана, бала мен мұғалім атты «үштіктің» арасында тығыз қарым-қатынас орнайды. Мұның жастарға тәрбие мен білім беру мәселесінде оң әсерін тигізері анық. Бұл спорттық шарамыздың негізгі мақсаты да осы. Әрі оқушыларымызды салауатты өмір салтын сақтауға баулуды көздедік», - деді Жезқазған қазақ-түрік лицей-интернатының директоры Нұрғазы Утебаев турнирдің ашылу салтанатында.

    Турнирге аталмыш білім ұясының барлық сыныптарының ата-аналарынан құралған командалар қатысты. Шахмат пен теннис ойындары лицей ғимаратында өтсе, волейбол сайысы қаладағы «Ұлытау» спорт кешенінде өтті.

    Екі күнге созылған жарыстың жалпы командалық есебі бойынша, сайысқа қатысып, жүлделі І орынды иеленген – 8«б», ІІ орынға – 9«а», ІІІ орынға – 7«б», ІV орынға – 10«а» сыныптарының ата-аналары ие болды.

    Спорт – ғаламдағы ең бейбіт те игілікті іс - Картинка 1

    Ал, волейбол сайысының жеңімпаздары төмендегідей:

    І орын – 10«а»; ІІ орын – 11«б»; ІІІ орын – 8«б».

    Ерлер арасындағы теннистен жеңімпаз-әкелер:

    І орын – Нұрхамит Елбай; ІІ орын – Марат Башаров; ІІІ орын – Саят Серіков.

             Әйелдер арасындағы теннистен жеңімпаз-аналар:

    І орын – Татьяна Арысова; ІІ орын – Жанат Жәнібекова; ІІ орын – Гүлбаршын Үсенбаева; ІІІ орын – Мира Ахметова; ІІІ орын – Ләззат Абылаева.

             Шахмат сайысының жеңімпаздары:

    І орын – Жамбыл Нұрманов; ІІ орын – Кенжеханов Ғалымкен; ІІІ орын – Ерлан Жұмакешов; ІV орынға – Магзумов Ережеп.

    Марат Бекмағамбетов, қалалық мәслихат депутаты:

    - Ұлым лицейдің 10«a» сыныбында оқиды. Осы лицей-интернат ұстаздарының ұйымдастыруымен спорттық сайыстар ғана емес, балалар мен ата-аналар қарым-қатынасы, дін мен қоғам қарым-қатынасы секілді көптеген тәрбиелік мәні бар жиналыстар жиі болып тұрады. «Ұлытау» спорт кешеніндей қаланың зәулім сарайын алып, екі күннен бері бүкіл ата-аналар мен оқушыларды қуанышқа бөлеп жатқан ҚТЛ-дің басшылығына алғыс айтамын. Өзімнің мамандығым басқа болғанымен, спортқа жастық шағымнан жақынмын. Мұнда волейболдан команда капитанымын. Топ мүшелерінің ұйымшылдығы арқасында жылбойы өзара жаттығу ойындарын өткіземіз. Міне, биыл 3-рет қатарынан кубокты иеленіп отырмыз.  

    Спорт – ғаламдағы ең бейбіт те игілікті іс - Картинка 2   Спорт – ғаламдағы ең бейбіт те игілікті іс - Картинка 3

  • ЖЕЗҚАЗҒАНДЫҚ ӨРЕН БАС ЖҮЛДЕНІ ИЕЛЕНДІ

    ЖЕЗҚАЗҒАНДЫҚ ӨРЕН БАС ЖҮЛДЕНІ ИЕЛЕНДІ
    14/10/2014

    2014 жылғы 10-13 қазанда Алматы қаласында «Жас дарын» жасөспірімдер мен балалар арасындағы ІІІ Республикалық өнер байқауы өтті.

             Байқау 4 номинация бойынша – «Дәстүрлі ән», «Дәстүрлі күй», «Эстрадалық вокал» және «Хореография» бойынша өткізілген. Осы өнер сайысында бақ сынаған Жезқазған қазақ-түрік лицей-интернатының 7-сынып оқушысы – Демеу Қайрақты. Ол «Дәстүрлі ән» номинациясы бойынша қазақтың қара домбырасын арқалап барып, халық әні – «Өнерлі өлке» және «Ақ бұлақ» әндерін орындады. Жас ерекшелігіне сай аталған номинацияға 21 өнерпаз қатысқан. Оның арасынан кең диапозон, ерекше орындау шеберлігімен топ жарып шыққан Демеу Қайрақты Бас жүлдеге лайықты деп табылған.

    Жастардың шығармашылық деңгейін көтеріп, олардың бойындағы музыкалық-эстетикалық тәрбиені жетілдіру мақсатында өткен байқауды «НұрАй» продюсерлік орталығы мен «Жас Отан» жастар қанаты бірігіп ұйымдастырған.

    ЖЕЗҚАЗҒАНДЫҚ ӨРЕН БАС ЖҮЛДЕНІ ИЕЛЕНДІ - Картинка 1    ЖЕЗҚАЗҒАНДЫҚ ӨРЕН БАС ЖҮЛДЕНІ ИЕЛЕНДІ - Картинка 2

  • Орта мектеп оқушылары ҚТЛ-де білімдерін шыңдады

    Орта мектеп оқушылары ҚТЛ-де білімдерін шыңдады
    06/11/2014

    2014 жылғы 29 қазан  мен 4 қараша күндері аралығында Жезқазған қазақ-түрік лицей-интернатында Ұлытау ауданына қарасты орта мектептердің 11-сынып оқушылары Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық курсынан өтті.

    №1 Ұлытау орта мектебі, №2 Қорғалжын орта мектебі, №7 Сарысу орта мектебі, Жезді аралас мектеп-интернаты, Алғабас орта мектебі, Қарсақбай орта мектебі және Егінді орта мектебінен келген, барлығы – 45 оқушы Жезқазған қазақ-түрік лицей-интернатының мұғалімдерінің сабақтарына қатысып, өз білімдерін шыңдай түсті.  

    Думан Рахымжанұлы, №1 Ұлытау орта мектебінің психологы:

    - Аудандық білім бөлімінің ұсынысы бойынша, биылғы 11-сынып оқушыларына №3 қазақ-түрік лицей-интернатында білім алуға мүмкіндік беріліп отырғанын жеткіздік. Қызығушылық танытып, өз еріктерімен келгендері де, келмегені де бар.  Негізгі мақсатымыз – оқушыларымыздың білімдерін шыңдау және дарынды мектептің шәкірттерімен бірге ҰБТ-ға дайындау. Дайындық барысында Нұрмақов мектебі мен лицейдің дарынды оқушыларының білім деңгейін өздерімен салыстырып көрсе деген де ой болды. 13 ер бала және 32 қыз баланың ішінде «Алтын белгіге» ұсынуға лайық 6 үміткер оқушымыз бар. 

    Айғаным Нұрсұлтан, Жезді аралас мектеп-интернатының 11«А» сынып оқушысы:

    -  Тарих, математика және таңдау пәнім – географиядан білім алып жүрмін. Күн сайын таңғы 8.30-дан кешкі 17.00, кейде 18.00-ге дейін осында боламыз. 90 минуттан тарих пен математикаға, ал таңдау пәніне 45 минут. Түскі астан кейін тест тапсырып, нәтижесін көріп кетеміз. Мұнда осыған дейін қиын деп ойлап жүрген есептердің оңай шешу жолдарын үйреніп, қуанып жатырмыз. Мен үшін ерекше қызықты өткен сабақ – тарих болды. Мұғалімнің тақырыпты түсіндіруі, сабақты өткізуі өте қызықты. Тарихи оқиғаларды есте сақтауға ыңғайлап айтады екен мұғалім, әрі өзім бұрындары білмеген фактілерді кездестірдім.

    Орта мектеп оқушылары ҚТЛ-де білімдерін шыңдады - Картинка 1   Орта мектеп оқушылары ҚТЛ-де білімдерін шыңдады - Картинка 2

     

     

     

  • Жезқазған ҚТЛ оқушысы жүлдегер

    Жезқазған ҚТЛ оқушысы жүлдегер
    09/10/2014

    «Өзін-өзі тану» пәні бойынша Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңіне қатысқан Жезқазған қалалық қазақ-түрік лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Нәсіпбек Қайрулла ІІІ орынға ие болды.

    Үстіміздегі жылдың 9 қазан күні  Қарағанды облысының білім басқармасына қарасты «Сарыарқа дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығы «Өзін-өзі тану» пәні бойынша Республикалық олимпиадаға қатысып, облыс намысын қорғайтын оқушыны анықтау мақсатында іріктеу жасады.

    Республикалық олимпиаданың іріктеу кезеңінде қатысқан 200-ден астам оқушы шығарма жазған. Оларға ұйымдастырушылар тарапынан «Сүйіспеншілік», «Ар-ұждан», «Бақытты отбасы», «Мен өмір сүріп жатқан әлем» атты тақырыптар ұсынылған.

    Біз Нәсіпбектен қайсы тақырыпты таңдағанын және ол шығарманы қалай жазғанын сұраған болатынбыз.

    Нәсіпбек Қайрулла:

    - Мен – Қазақстанның патриот азаматымын. Сондықтан болар, «Бақытты отбасы» деген тақырыпқа бірден көзім түсті. «Отан – отбасынан басталады» деген сөз бар ғой, ендеше Отанымыз гүлденуі үшін еліміздегі әрбір отбасы бақытты болуы тиіс, меніңше! Қазіргі кезде, өкінішке орай,  жаңадан құрылған көптеген отбасылар қайта айырылысып кетіп жатыр. Шығармамда осы мәселенің ел болашағы үшін аса қауіпті екенін айтып, оның алдын алу шараларын өзімше көрсетіп шықтым. Қаламыздың өмір сүру жағдайларын да бір шолып,  өз отбасыма тоқталдым. Осылайша, ішімдегіні жазып болғаннан кейін қарасам, 6 парақты толтырып тастаппын. Нәтижесінде, менің шығармам ІІІ орынға лайық деп танылыпты. Қазылар алқасы марапаттау кезеңінде жылы сөздерін айтып, мені ерекше құттықтады.

  • Жезқазған ҚТЛ өз зейнеткерлерімен кездесті

    Жезқазған ҚТЛ өз зейнеткерлерімен кездесті
    23/10/2014

    2014 жылғы 23 қазанда Жезқазған қазақ-түрік лицей-интернатының әкімшілік құрамы бұрынғы әріптестері, қазіргі таңда көпжылдық еңбектерінің зейнетін көріп жүрген қазыналы-қарттарын лицейге шақырып, құрмет көрсетті.     

    Бейресми жиын қонақтарына ақ ниетпен дастархан жайылды. Кездесу барысында домбырамен ән айтылып, күй де шертілді. Зейнеткерлер ұжым арасында орын алған қызықты сәттерін еске алып, мәз-мейрам болысты. «Қазірге дейін көпшілік арасында әңгіме бола қалса, «Біздің лицей...» деп қызғыштай қорып немесе мақтанып жүреміз» деп, ақтарылды қонақтар. Ізінен еріп келе жатқан іні буынға өмірлік сабақ болар ақылдарын айтып, тәрбиелі әрі білімді оқушыларының көп болуына тілектес-ниеттес екендігін жеткізді.

    Жиында меймандарға Қарағанды облысы білім басқармасының «№3 қазақ-түрік лицей-интернаты» білім саласындағы қажырлы еңбегі үшін Алғыс хаттар табыстады. Сонымен қатар, зейнеткер-мамандарға ұзақ өмір, шалқар шабыт, отбасына амандық, мықты денсаулық тіледі. Қонақтар арасында бұрынғы қызметкерлермен қатар, аталмыш білім ұясында қазіргі кезде де еңбек етіп жүрген Түсіп Аяпбергенов жәнеКүнтай Искакова да бар.

    Жиында сөз етілген ағай-апайлардың әңгімелерінен алынған үзіндіні лицей тарихы үшін, оқырмандар үшін жариялауды жөн көрдік.

     

    Баймұхамбетова Зейнекеш, экс-бас есепші:

    - 12 жыл бойы осы Жезқазған қазақ-түрік лицейінде бас бухгалтер болып қызмет еттім. Алғашқы жылдары лицейде оқушыларға қазіргідей 3-4 мезгіл тамақ беру жағынан қиындықтар болды. Соның өзінде балалар мұқалмай, білім-ғылымға құштар еді. Кейіннен мемлекет тарапынан қаржы бөлінетін жүйе орнатылды ғой. Қазір сол кездердегідей қиындықтар жоқ, барлық жағдай жасалған. Оқушыларға тек оқып, оны зейінге тоқуы ғана керек.

    Аяпбергенов Түсіп, экс-дене шынықтыру пәні мұғалімі:

    - Лицей құрылған жылдан бастап дене шынықтыру пәні мұғалімі болдым. Алғашында 5 жыл бойы Орхан мырза директор болды. Ол кісі бұрынғы мектеп-интернаттың ғимаратын жаңартып, қайта өңдетті. Сол уақытта 3-ақ қазақ мұғалімі болдық. Қалғанының бәрі де түрік ұлтының өкілдері. Бауырлас ел өкілдері Қазақстанның білім беру саласын кәдімгідей көтерді деп ойлаймын. Ұжым арасында ауызбіршлік, сыйласытық, тәртіп өте жақсы болған. Ұстаздар оқушылар үшін қашанда үлгі болуы тиіс қой. Зейнеткерлік жасқа толғаннан бері осы мекемеде күзетші болып келемін. Кезінде өзім оқытқан оқушылар келіп, қал-жағдайымды сұрап, өз жетістіктерін айтып қуантып тұрады.

    Күнтай Искакова, кітапханашы:

    - 1994 жылдан бері кітапханашы маман болып қызмет етіп келемін. Алғашқы жылдары кітап қоры аз болды, оқушыларға арнап кітаптарды сатып алып жүрдік. Кейбір оқушылар өз кітаптарын әкеліп, кітапхана қорын толтыруға атсалысты. Еліміздің баспаларынан жарық көрген оқулықтардан бөлек, Түркияның «Забак» баспасының кітаптары көп бізде. 2009 жылдан облыстық департаменттің басшылығымен кітаптар бөлініп келеді. Қазіргі кезде 4 тілде – қазақша, түрікше, орысша, ағылшынша кітаптар жетерлік қорымызда. Оқушылар кез-келген уақытта кітапханаға келіп, қалаған кітабын алып оқи алады.  

    Бақытжан Идрисова, экс-диетолог маман:

    - Балалар және мұғалімдер асханасының ас мәзіріндегі тағамдар құрамын зерттеп, оның нормаға сай келуін қадағалап отыратын диетолог маман болып қызмет еттім. Алматадан жоғары санатты маман ретінде бірнеше жылдық еңбек өтіліммен келіп, осы лицейге орналастым. Содан зейнеткерлік жасқа толғаннан кейін де 2 жыл қызмет етіп, жастарға орын берейін деген ниетпен жұмыс орнын босаттым. Қазір мұнда айтарлықтай өзгерістер бар. Әрине, жақсы жағына қарай. Бұл ұжымда атқарылған әрбір істі теледидардан немесе баспасөз беттерінен көріп, марқайып қаламын. Бүгін біздердің басымызды қосып, көпжылдық еңбегімізді елеп-ескеріп жат

    Жезқазған ҚТЛ өз зейнеткерлерімен кездесті - Картинка 1

    қандары үшін өте қуаныштымын.

Мектеп туралы мәлімет

  • "Қарағанды облысы білім басқармасының №3 "Білім-инновация" лицей-интернаты" КММ
    Жезказган қ., Абай көшесі, 77
  • 8(7102) 410099