Өткен жылдан бері «ЭКСПО» және «Жасыл экономика» деген тіркестер пайда болып, екінің бірінен еститін болдық. Бұл не нәрсе және оның елімізге берері жөнінде телеарналар мен газет-журналдарда қадау-қадау пікірлер айтылып келеді. Алайда, мұндай мемлекеттік келелі іс жайында оқушыларымыз толығымен, әрі жан жақты ақпараттанып, түсінуі керек.
Осы орайда лицейде ата-ананың жүргізуімен өтетін дәстүрлі Тәрбие сағаты «ЭКСПО және жасыл экономика» деп аталды. Тәрбие сағатын 8«Б» сынып оқушысы Мұхатбеков Батырбектің анасы – Жезқазған университеті Экономика пәнінің оқытушысы Бағдат Ақубаева жүргізді.
Бағдат ханым: «2014 жылғы 11 маусымда Парижде өткен Халықаралық көрмелер бюросының бас ассамблеясының 155 құрылтайында Қазақстан ресми түрде «ЭКСПО – 2017» көрмесiн өткiзетiн мемлекет болып мойындалғанын бәріміз білеміз. Бұл көрменің тақырыбы Елбасымыздың ұсынысы бойынша, «Жасыл экономика» деп бекітілген болатын. «Жасыл» экономика дегенді жалпақ тілмен айтқанда, қазіргі уақытта сарқылуға ұшыраған (пайдалы қазбалар – мұнай, газ) ресурстарды үнемді тұтынуға және сарқылмайтын ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған», - деп, дәрісін бастады.
«Жасыл» экономиканы дамыту – көптеген постиндустриалды елдерде өзінің ауқымымен қозғаған экологиялық дағдарысты біздің елде болдырмауға мүмкіндік береді. Аталған экономиканы дамыту бағдарламасы аясында Қазақстан экономиканың 10 шешуші секторына құралдарды инвестициялауды жоспарлаған: ауыл шаруашылығы; тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы; энергетика; балық аулау; орман шаруашылығы; өнеркәсіп; туризм; көлік; қалдықтарды кәдеге жарату және қайта өңдеу; су қорларын басқару.
Бағдат Ақубаеваның айтуынша, ЭКСПО-ның көмегiмен Астана әлемдегi ең озық жасыл технологиялар қаласына айналады. Елордамыздың бiр бөлiгi мүлдем жаңа форматпен салынып, ондағы бiрқатар ғимараттарға электр қуатын өндiретiн жел турбиналары орнатылып, тiптi бүгiнге дейiн тек зертханада сынақтан өткен жаңа технологиялар қойылады. Жер бетiндегi барлық жасыл технологиялар осы ауқымды көрмеде пайдаланылатын болады. Сондай-ақ, ағынды суларды өңдейтiн және оны техникалық су ретiнде пайдаланатын жоба жасалады. Техникалық қажеттiлiкке жаңбыр суы да қолданылады екен.
«Экономикалық жақтан елеулі көрсеткішке ие Еуропадан үйренетін тұстарымыз бар. Бірақ, біз олардың өмір сүру салтын сіңірмей, ғылым-білімі мен технологиялық ерекшеліктерін пайдалануымыз керек. Тіпті, сол құрлықтағы ЭКСПО өтпеген Венгрия сияқты шағын мемлекеттердің өзі экономикалық жағынан қуатты. Олар да бүкіл әлем қызыға қарайтын осындай көрме өткізсек дейді. Өйткені, оның пайдасын олар әлдеқашан зерттеп қойған, - дей келе, - Бүкіл әлем сұлулық пен романтиканың орталығы деген Париж қаласы 1855 жылдан бері мұндай айтулы көрмені 8 рет өткізіпті. 70-жылдардан бері қарқынды дамыған Корея 1993 жылы Теджонда өткізсе, ал Жапония бұл көрмені 1970 жылы Осака қаласында өткізіпті. 164 жылдан бері әлем елдерінің қызығушылығын тудырып отырған ЭКСПО біздің елге қандай пайда әкеледі? Эйфель мұнарасы секілді әлемді таңқалдырар өнер туындысын ұсына аламыз ба? Әрине, қазірдің өзінде Астанадағы ЭКСПО қалашықтың құрылысы қарқынды жүруде. Ұйымдастырушылардың пiкiрiнше, бұл көрмедегi ең күрделi ғимарат аумағы 27 мың шаршы метрдi алатын тамшы кейпiндегi қазақстандық павильон болмақ. Биiктiгi 100метр болатын алып шардың әлемде теңдесi жоқ. Осы ғимараттың айналасына халықаралық павильондар бой көтередi. Құзырлы мекемелер көрменiң барлық нысандары 2016 жылдың желтоқсанына дейiн салынып бiтедi. Тіпті, қатысушылардың уақытша қоймалары мен ұйымдастырушылардың кеңселерi 2015 жылы пайдалануға берiледi. Сондай-ақ, қатысушыларға жалға берiлетiн 1300 пәтер де биыл салынып бiтетінін айтуда. Өйткенi, қатысушылар көрме өтерден жарты жыл бұрын Астанаға келе бастайды. Сөйтiп, 2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегi аралығында айтулы ЭКСПО-2017 келушiлерге есiгiн айқара ашады. Қазақстан бұл көрмеге ұзын-саны 100-ден астам елдер мен 10-нан астам халықаралық ұйымдарды шақыруды жоспарлап отыр».
«Біздің мемлекетіміз «жасыл» экономикаға ауысу саласындағы саясатты белсенді жүргізіп жатқанда, біз осы үдерістің бөлігі ретінде қазірден бастап «таза» болашақты құруға қадамдар жасай аламыз. Алайда, олардың үлесі ештеңе білдірмейді, бұл табиғатты қорғауға жатпайды деп санайтындар да бар. Шын мәнінде әркім қоршаған ортаны қорғау ісіне өз үлесін қоса алады. Күн сайын біз әлемді тазартып, жақсарта аламыз. Сол себепті еліміздің жауапты мамандары «таза» болашақты қалай құруға болатындығы туралы ұсыныстар тізімін құрып қойған. Сондықтан, «ЭКСПО – 2017» көрмесі тек жауапты мамандар жасайтын іс деп қол қусырып отырмай, оқушылар, біз де өз үлесімізді қосуға тырысайық», - деді экономист.